Барлық олимпиадалар туралы сөз қозғай алмаймын, бірақ республикалық олимпиадалар бұл Қазақстандағы ең меритократиялық әлеуметтік лифт деуге болады.
ISO деңгейі
Ең алдымен,ISO-ға орын сатып алу мүмкін емес екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар,егер сіз академиялық адалдықты бұзсаңыз,бүкіл құрама дисквалификацияға ұшырап, еліңіз бірнеше жыл бойы қатыса алмайды. Бұл масқара болғаны соншалықты, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүру ешкімнің ойына да келмейді.
Республикалық олимпиада деңгейі
Химия пәнінен республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде қазылар алқасының мүшесі және құрастырушысы болғандықтан, химия пәнінен ешқандай тамыр-таныстық жоқ деп аса сеніммен айта аламын, ал егер ондай жағдай болса,мен бірінші болып бұл мәселе туралы дабыл қағатын боламын. Баллдарды жоғарылату деңгейінде де, тапсырмаларды алдын-ала тарату деңгейінде де емес
Жаратылыстану-математикалық циклдің қалған пәндері бойынша мен тамыр-таныстық жоқ екендігіне 95% - ға сенімдімін. Қалған 5% олимпиада басталғанша тапсырмалардың алдын-ала таралу мүмкіндігі барын көрсетеді.
ҚГБ пәндері бойынша аса хабардар емеспін , бірақ қазіргі (2019-2021 ж.) Дарын РҒПО басшылығы мен республикалық олимпиадаға жауапты кісілерді білгендіктен, олимпиаданың адалдық презумциясына негіздене аламын.
Сонымен қатар, заң жүзінде, Дарын басшылығының 2019 жылғы батыл ерік-жігерінің арқасында келесі ережелер бекітілді:
- қорытынды кезеңнің барлық қатысушыларының сканерленген жұмыстары жарияланады және бәріне қолжетімді болады (19-тармақ)
- олимпиаданы жазу процесі онлайн режимде көрсетіледі (19-тармақ)
Яғни егер сіз біреуді объективті бағаламайды деп қорқатын болсаңыз, сіз ресми марк схеманы алып, жұмысты жеке тексере аласыз.
Облыстық және аудандық олимпиада деңгейі
Облыс және аудан тапсырмаларын Дарын орталық РҒПО құрастырады және олимпиада күні таратылады.Яғни, тапсырмалардың алдын-ала таратылуы екіталай және республикалық қазылар алқасының адалдығына тікелей байланысты. Әрине, Дарын РҒПО қызметкерлері тарапынан тапсырма алдын-ала таралуы мүмкін, бірақ өз басым тапсырма құрастырушы болғандықтан, біз тапсырмаларды олимпиаданың өзінен бірнеше күн бұрын ғана Дарын РҒПО-ға жіберетінімізді білемін. Сондықтан алдын-ала таралу қаупі азаяды және жоғары басшылықтың адалдығына тікелей байланысты.
Егер сіз сотталам деп қорықсаңыз, біліп жүріңіз: облыстық және аудандық олимпиадада координация(апелляция) қарастырылған, яғни сіз ресми марк-схемамен, әр тапсырмаңыздың бағалануымен танысуға және дәлелді келіспеушілік білдіруге толық құқығыңыз бар.
Алайда,бір өкініштісі, іс жүзінде ресми марк-схеманы жариялағысы келмейтін немесе координацияны жүзеге асырғысы келмейтін қазылар алқасы жиі кездеседі. Мұндай жағдайда ең бастысы-берілмеу және [заңнамалық базаға] жүгіну(http://adilet.zan.kz/rus/docs/V1200007547#z48).